← Артқа қарай

Ауылдық үкіметтік емес ұйымдар дамудың жаңа белесінде

14/12/2018
11:43
Поделиться
Отправить

Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі  Азаматтық қоғам істері комитетінің қаржылай қолдауымен "Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтар қоры" (ЖҚҚ) қоғамдық қоры қараша, желтоқсан айларында Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарының ҮЕҰ және бастамашыл топтарының қатысуымен «Ауылдық ҮЕҰ-ның әлеуетін арттыру» атты жобасын  іске асырды.

Жобаның мақсаты – ауылдық ҮЕҰ-ның өкілдері мен  ауыл тұрғындарының жергілікті жердегі әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу үшін азаматтық белсенділіктерін арттыру.

Осы мақсатқа жету жолында ЖҚҚ-ның қызметкерлері Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында ҮЕҰ-дың, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен таныстыру семинарларын өткізді. Бұл семинарларда үш облыс бойынша 80-нен астам адам ЖҚҚ-ның тәжірибесімен, халықаралық қауымдастықты жұмылдыру технологияларымен танысуға мүмкіндік алды және  өз өңірлерінің осы технологияларды пайдалануға деген әлеуетін бағалауға қатысты.

Өткізілген семинарлардың нәтижесінде әр облыстан осы технологияларды енгізуге ынталы ҮЕҰ-дың жетекшілері, қауымдастықтың белсенді топтарының өкілдерінен құралған 17 қатысушы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы ЖҚҚ-ның базасында 2 күндік оқудан өтіп, тәжірибе алмасты.  Қатысушыларға Шелек ауылында орналасқан Агробизнес орталығына тур ұйымдастырылып,  "Шелек фермерлері" АӨК жұмысымен танысып, "Көкөніс өсіру негіздері" әдістемелік оқу құралы бойынша білім берілді.

Қатысушылардың барлығы өткізілген іс шараларға оң бағаларын берді және өз ауылдарында ЖҚҚ-ның моделі негізінде жұмыс жүргізуге құлшыныс алғандарын білдірді. Атажанов Өтепберген: «Қазақстан Республикасында ауыл халқының әлеуеттік жағдайын жұмыспен қамту арқылы көтеру – бұл мемлекет үшін өте маңызды» - деген пікір қалдырса, Сүйімбай Жанболат: «Өзіме көптеген керекті ақпарат алдым. Алған тәжірибемді Түркістан облысында іске асырылуына атсалысамын» - деген талпыныспен қайтты.

27-28 қараша күндері Астана қаласында өткен VІІІ Азаматтық Форумына «Еңбекшіқазақ ауданы жергілікті қауымдастықтар қоры» қоғамдық қорының атқарушы директоры Елшібаева Б.К. қатысып, қордың атқарған жұмыс нәтижелерімен таныстырып, 400 адам жұмыспен қамтылып, 124 шағын шаруашылық ашып, ауданның дамуына 600 миллионға жуық инвестиция тартылғандығын атап өтті. Елбасымыз игілікті іс атқарып жүрген кәсіпкерлер мен ҮЕҰ-дың жұмысын оң бағалады.